Страна : Казахстан
Поэтесса, журналист, лауреат премии Ленинского Комсомола, лауреат Государственной премии РК.
Country : Kazakhstan
Отрывок из поэзии “Қасиетті мекенім (Мой священный край)”
ҚАСИЕТТІ МЕКЕНІМ
Баяғы ауасы – әтір самалы ескен,
Балауса балғын шақты алам еске.
Құлпырған гүл бәйшешек арасында –
Нұр тұнған қасиетті далада өскем!
Сол кездер әлі есімде. Бәрі есімде.
Бар әлем басқа-тұғын, сенесің бе?
Жүруші ек шалғын кешіп, шалқып-тасып,
Бақыттың жүзгендей-ақ кемесінде.
Қай шебер табиғатпен таласа алған?
Таза су, тәкаппар тау, тамаша орман.
Осынша ұлан-ғайыр кең даланы
Жаратқан қазағыма бере салған!
Қабылдап қанағатпен бұйырғанын,
Қарауға ой, санамен бейім қауым.
Адамды құрметтеуді биік қойған,
О, менің текті халқым, мейірбаным!
Күллі әлем жаһанданып жатқаны шын.
Қазағым жерұйығын тапқаны шын.
Әлемдік салтанаттың бір жауһары
Байтағым, махаббатым, мақтанышым!
Өтпеген Ел басына не замандар
Көк куә, көмкерілген аспан заңғар
Бұл жерді шаһид болып қан майданда
Қорғаған баһадурлар, қаһармандар.
Түсініп аспан сырын, дала заңын.
Таба алған табиғаттан қалағанын.
Меңгеріп мезгілдің әр құбылысын
Мықты екен өмір сүрген бабаларым!
Жүрегім қуанады, лүпілдейді,
Мендегі бүкіл ықылас, бүкіл мейірім
Тоғысып –
Жаратушы Иеміздің
Өлшеусіз нығметтеріне шүкір деймін!!
Туған жер, дидарыңа көз қана ма?
Ғашық ем боз жусанды боз далаға.
Бозторғай, боз ала таң – жыр мен сурет
Дүние-ай, не жетеді өз далаңа?
* * *
Бұл өлке біздер үшін бақ, құт дер ек.
Осында бақыт кілтін таптық дер ек.
Айырылып ата-жұрттан қалмау үшін
Бауырлар, бірлік керек, сақтық керек.
Дұшпанның жобаларсың түр-тұлғасын.
Қайткенде болу керек рухың басым.
«Ақтабан шұбырынды» еске оралып,
«Алқакөл сұламалы» күн тумасын!
Тұрсын деп түн де тыныш, таң да құтты.
Қарсы алып керуенін мәңгі уақыттың
Ұлтының мүддесі үшін, ертеңі үшін,
Тас түйін бола білген ел бақытты!
Құйылып көк аспаннан көркіне нұр,
Жатыр-ау мейірленіп алтын өңір.
Бағынбай басқа жұртқа,
Енді қазақ
Сүрсе екен өз жерінде еркін өмір!!
Бейбіт күн, менің құтты заманым ең.
Далаға төселгендей жаңа кілем.
Ешқашан жүрмесе екен сол кілемді
Қас дұшпан таптап басып табанымен.
Саналы жас ұрпаққа тіл қатамын.
Тереңде – мағынасы бұл батаның.
Иманды жүрекпенен сүйе білсең,
Бақыттың тұғыры ғой нұрлы Отаның!
Ойланбай күн кешудің өзі айып қой.
Қай кезде ақындарда азайыпты ой?
Жас ұлан, басқа жақтан бақ іздеме,
Өз елің, Қазақ Елі ғажайып қой!!
(1 оценок, среднее: 5,00 из 5)